2025 жылдың 17-20 сәуір аралығында Түркияның Анталья қаласында Түркияның жедел медициналық жәрдем Қауымдастығы (ATUDER) ұйымдастырған 21-ші Ұлттық жедел медицина Конгресі және 12-ші Халықаралық қарқынды терапия және жедел медицинасы Конгресі өтті.
Ауқымды шара шұғыл медицина саласында елеулі үлес қосқан, ғылыми жетістіктері, практикалық тәжірибесі мен жоғары кәсіби құзыреттілігі арқылы танылған сарапшыларды біріктірді.
Халықаралық алаңда Қазақстанның атынан Нұрутдинова Ғалия Хасенқызы — ҚР Жедел Жәрдем Медицинасы Қауымдастығының хатшысы, ҚР Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық статистика және ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы және Баянбаев Арман Сейітқанұлы — Астана қаласы Қалалық жедел жәрдем станциясы Директорының стратегия жөніндегі орынбасары қатысты.
Конгресс аясында қазақстандық делегаттар «Қазақстан Республикасындағы шұғыл медицинаны ұйымдастыру» және «Астана қаласының жедел жәрдем қызметі» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Мұндай халықаралық форумдарға қатысу тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және Қазақстандағы шұғыл медициналық көмекті жетілдіруге арналған озық тәжірибелерді енгізуге септігін тигізеді.