Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны
Қазақстан халқына медициналық авиация нысанындағы медициналық көмек республикалық деңгейде 2011 жылдың сәуір айынан бастап «Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығы» АҚ құрамында болған Республикалық санитарлық авиацияны үйлестіру орталығы арқылы көрсетіле бастады.
Медициналық авиация бағыты бойынша шұғыл медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін тиімді үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы №1724 қаулысымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық санитариялық авиация орталығы» ШЖҚ РМК құрылды. Кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қаңтардағы №12 қаулысымен Орталық Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» ШЖҚ РМК болып қайта аталды.
Миссия
Қазақстан халқына шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін тиімді үйлестіру және дамыту арқылы уақтылы, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету.
Көзқарасы
Ұлттық және халықаралық сапа стандарттары мен госпитальдық менеджмент қағидаттарына негізделген, пациентке бағдарланған медициналық көмек көрсету жүйесі бар, ғылым, білім беру және инновациялар саласында көшбасшылыққа ие тиімді әрі тұрақты шұғыл медициналық көмек кластері.
Құндылықтар мен этикалық қағидаттар
- Ұйымның тұрақтылығы – басшылық ұжыммен бірлесе отырып, ұйымның болашаққа көзқарасы мен миссиясын дәйекті түрде іске асырады.
- Тұтастық – жарияланған қағидаттар мен жоғары стандарттарды сақтау, пациенттермен қарым-қатынаста және ұйым ішіндегі ұжымдық өзара іс-қимылда жоғары сенім мен адалдық деңгейін көрсету.
- Пациентке бағдарлану – ұйымның миссиясы дұрыс диагноз қойылып, тиімді емдеу әдісі таңдалып, пациенттің қажеттіліктерін түсіну мен қанағаттандыруға бағытталған ізгі қарым-қатынас қамтамасыз етілген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
- Кәсібилік – үздіксіз даму мен оқыту негізінде пациенттер мен ұйым ұжымы игілігі үшін жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында өз білімін, мүмкіндіктерін және тәжірибесін барынша тиімді пайдалану.
- Ашықтық – жеке және ұжымдық әрекеттерде адалдық пен шынайылық қағидаттарын сақтау.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы еліміздегі шұғыл медициналық көмек жүйесінің бірыңғай үйлестірушісі болып табылады. Орталық құрамына көпбейінді аурухана, медициналық авиация қызметі және жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметін үйлестіру жүйесі кіреді. Бұл халыққа шұғыл медициналық көмектің жеделдігін, сабақтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біздің қызметіміз медициналық авиация желісі бойынша шұғыл және консультативтік медициналық көмек көрсетуге, пациенттерді, медицина қызметкерлерін, донорлық ағзаларды, тіндер мен биоматериалдарды тасымалдауды ұйымдастыруға, сондай-ақ медициналық көмекті қашықтан консультациялау мен үйлестірудің заманауи технологияларын дамытуға бағытталған. Заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған әуе кемелерін пайдалану және мамандардың тәулік бойы қызмет атқаруы жердегі де, әуедегі де күрделі міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Орталықтың дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2024 жылы 250 төсек-орынға арналған заманауи көпбейінді аурухананың іске қосылуы болды. Жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы, жеке тікұшақ алаңы, заманауи операциялық залдард мен телемедицина орталығының және қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің болуы еліміздің барлық өңірлерінен келген пациенттерге мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Біз кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Оқу-тренингтік орталығы медицина қызметкерлерін шұғыл медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша даярлауды қамтамасыз етеді. Ал инсульт, жүрек ырғағының бұзылыстары және токсикология бойынша мамандандырылған орталықтар медициналық көмектің басым бағыттарын жетілдіруге ықпал етеді.
ҰШМҮО Қазақстан Республикасының жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметін үйлестіру функциясы да жүктелген. Біз қызметтің ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысын жүзеге асырамыз. Оның жұмыс көрсеткіштеріне талдау жүргіземіз, жедел медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіруге және шұғыл медициналық көмек жүйесін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге қатысамыз.
Бүгінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы шұғыл медициналық көмек саласындағы жетекші ұйым ғана емес, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің шұғыл медицина және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы халықаралық ынтымақтастығының негізгі алаңы болып табылады.
Шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – біздің басты басымдықтарымыз.