
Құрметті әріптестер, серіктестер және сайт қонақтары!
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының» сайтына қош келдіңіздер.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы еліміздегі шұғыл медициналық көмек жүйесінің бірыңғай үйлестірушісі болып табылады. Орталық құрамына көпбейінді аурухана, медициналық авиация қызметі және жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметін үйлестіру жүйесі кіреді. Бұл халыққа шұғыл медициналық көмектің жеделдігін, сабақтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біздің қызметіміз медициналық авиация желісі бойынша шұғыл және консультативтік медициналық көмек көрсетуге, пациенттерді, медицина қызметкерлерін, донорлық ағзаларды, тіндер мен биоматериалдарды тасымалдауды ұйымдастыруға, сондай-ақ медициналық көмекті қашықтан консультациялау мен үйлестірудің заманауи технологияларын дамытуға бағытталған. Заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған әуе кемелерін пайдалану және мамандардың тәулік бойы қызмет атқаруы жердегі де, әуедегі де күрделі міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Орталықтың дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2024 жылы 250 төсек-орынға арналған заманауи көпбейінді аурухананың іске қосылуы болды. Жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы, жеке тікұшақ алаңы, заманауи операциялық залдард мен телемедицина орталығының және қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің болуы еліміздің барлық өңірлерінен келген пациенттерге мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Біз кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Оқу-тренингтік орталығы медицина қызметкерлерін шұғыл медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша даярлауды қамтамасыз етеді. Ал инсульт, жүрек ырғағының бұзылыстары және токсикология бойынша мамандандырылған орталықтар медициналық көмектің басым бағыттарын жетілдіруге ықпал етеді.
ҰШМҮО Қазақстан Республикасының жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметін үйлестіру функциясы да жүктелген. Біз қызметтің ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысын жүзеге асырамыз. Оның жұмыс көрсеткіштеріне талдау жүргіземіз, жедел медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіруге және шұғыл медициналық көмек жүйесін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге қатысамыз.
Бүгінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы шұғыл медициналық көмек саласындағы жетекші ұйым ғана емес, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің шұғыл медицина және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы халықаралық ынтымақтастығының негізгі алаңы болып табылады.
Шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – біздің басты басымдықтарымыз.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының қызметіне қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ашықтық, кәсібилік және үздіксіз даму қағидаттарын ұстана отырып, еліміздегі шұғыл медициналық көмек жүйесін одан әрі жетілдіруге және қоғамның сенімін нығайтуға өз үлесімізді қоса береміз деп сенемін.
Құрметпен,
Ержан Боранбайұлы Әділбеков
Басқарма төрағасы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны