fbpx

KZ

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасы жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған халықаралық қатысумен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының республикалық спартакиадасы салтанатты түрде басталды.

Спартакиадаға қатысушылардың алдында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Шымкент қаласының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының өкілдері құттықтау сөз сөйледі. 

Биыл спартакиадаға еліміздің барлық өңірлерінен 18 команда, сондай-ақ Өзбекстан Республикасынан келген команда қатысады.

Спартакиадаға қатысушылар берілген жағдаяттық орта аясында шұғыл көмек көрсету бойынша бірнеше клиникалық станциядан өтеді.

Әр тапсырма үшін манекендер мен стандартталған пациенттерді қолдана отырып, шынайы жағдаятқа мүмкіндігінше жақын клиникалық станция дайындалған.

Командалық жұмыс, қызметкерлердің уақыт пен кеңістік шектелген жағдайларда пациенттің өмірін құтқару үшін оңтайлы шешімдер қабылдау қабілеті, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсетуде тактикалық шешімдер қабылдаудағы сенімділігі, келісімділігі және жеделдігі бағаланатын болады. Бригадалардың жұмысын құрамында медицина саласындағы танымал мамандар бар құзыретті қазылар алқасы бағалайтын болады.

Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының Сall-орталығы мен симуляциялық орталығының жұмысымен танысады.

Жарыс шеңберінде 23 қыркүйекте конференция өтеді, онда жедел жәрдем көлігінде пациенттерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері, жүрек-өкпе реанимациясындағы заманауи тәсілдер, шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде өңірлік және ұлттық деңгейде деректерді беру, ЭКГ дифференциалды диагностикасы мәселелері талқыланады, сондай-ақ кезек күттірмейтін көмек көрсетуге арналған халықаралық стандарттар бойынша оқытуға назар аударылатын болады. 

Бұл спартакиада жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметкерлері арасында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді, шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы табысты үлгілермен тәжірибе алмасу орын алады.

Іс-шара демеушілері: «Дала Эйр» ЖШС, «АйналаМед» ЖШС (WEINMANN Emergency Medical Technology GmbH+Co, Spencer Italia srl, GS Electromedizinisches G. Stemple GmbH), «East Wing» АҚ, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС .

                                              

 

FaLang translation system by Faboba