Тәжікстандағы Қазақстан медицинасының күндері
2026 жылғы 25-27 тамыз аралығында Тәжікстан Республикасында өткен Қазақстан медицинасы күндері аясында Тәжікстан Республикасының Республикалық жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Сапар барысында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған дәрістер мен презентациялар өткізіп, сондай-ақ практикалық хирургиялық араласуларға қатысты.
Атап айтқанда, ҰШМҮО мамандары инсультті диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша дәріс өткізіп, 3 эндоваскулярлық операция жасады. Оның ішінде 2 коронарлық артерияны стенттеу және 1 ұйқы артериясын стенттеу жүргізілді.
Сонымен қатар, жүрек ырғағының бұзылыстарына байланысты 6 араласу жасалды. Оның ішінде 3 аблация және 3 кардиостимулятор имплантациясы орындалды.
Іс-шараларға ҰШМҮО Басқарма Төрағасы Әділбеков Ержан Боранбайұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жүрек ырғағы орталығының жетекшісі Әбдірахманов Аян Сүлейменұлы, сондай-ақ Эндоваскулярлық хирургия және интервенциялық кардиология департаментінің жетекшісі Әбішев Қуатжан Мұратұлы қатысты.
Қазақстан медицинасы күндерін өткізу Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту, озық клиникалық тәжірибе алмасу және денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды.