Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем бригадаларының II Республикалық чемпионаты өтті
2026 жылғы 27-29 тамыз аралығында Тараз қаласында, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығының аумағында халықаралық қатысумен жедел медициналық жәрдем бригадаларының II Республикалық чемпионаты өтті.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық жәрдем қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Чемпионатқа барлығы 27 команда қатысты. Оның ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының «Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының командалары болды.
Халықаралық қатысуды Беларусь, Өзбекстан Республикасының Самарқанд және Нүкіс қалаларынан, Әзербайжан мен Қырғызстаннан келген командалар қамтамасыз етті.
Сайыс барысында қатысушылар ресми нұсқамадан өтіп, жедел медициналық жәрдем қызметінің санитариялық автокөліктерімен және медициналық жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар командалар жедел медициналық жәрдем деңгейіндегі триаж бойынша ұйымдастырылған клиникалық станцияларда өздерінің кәсіби дағдыларын көрсетті.
Үш күн бойы қатысушылар шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі теориялық білімін, практикалық дағдыларын, командалық үйлесімділігі мен жедел әрекет ету қабілетін паш етті. Чемпионат барысында мамандар күрделі клиникалық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, пациентке уақтылы және сапалы көмек көрсету, сондай-ақ командалық жұмыс дағдылары бойынша өзара тәжірибе алмасты.
29 тамызда чемпионаттың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.