Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен «Amanat» партиясының бастауыш ұйымы соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік акция өткізді.
Игі бастама аясында ҰШМҮО-ның білікті дәрігерлері мен фельдшер мамандары 96 жастағы тыл еңбеккері Дамет Жиенбекованың үйіне арнайы барып, медициналық тексеру жүргізді. Ардагердің денсаулығы тексеріліп, тиісті кеңестер мен ем-дом тағайындалды.
Дамет Жиенбекова — Жеңіс ұрпағының лайықты өкілі, соғыс жылдарындағы елдің еңбек майданына зор үлес қосқан ардақты жан. Оның жанқиярлық еңбегі, төзімділігі мен өмір жолы – жастар үшін өнеге, ал барша халқымыз үшін – мақтаныш.
Өткізілген бұл акция – ардагерлерге деген шынайы құрметтің, ризашылық пен қамқорлықтың айқын көрінісі. Олардың бейбіт өмір мен жарқын болашақ үшін жасаған ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.