2026 жылғы 16 ақпанда Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында балалар травматологиялық пункті ашылды. Жаңа бөлімшенің ашылуы елордадағы балалар арасында жарақаттану жағдайларымен жүгіну санының тұрақты өсуіне байланысты болды.
Балалар травматологиялық пункті әртүрлі орналасудағы және әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі жарақаттары бар балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған.
Шұғыл медициналық көмек көрсетуге көрсетілімдер
Травматологиялық пунктте келесі жағдайларда көмек көрсетіледі:
- Сіңірлердің, бұлшықеттердің, жүйке бағаналары мен ірі қан тамырларының зақымдануымен қатар жүрмейтін, пациенттің жалпы жағдайы қанағаттанарлық болған кездегі жұмсақ тіндердің инфекцияланбаған жаралары;
- Аяқ-қолдардың, кеуде қуысының және арқа аймағының жұмсақ тіндерінің соғылуы;
- Гемартрозбен асқынбаған жұмсақ тіндердің соғылуы және буындардың байлам аппаратының созылуы;
- Жоғарғы аяқ-қол буындарының, қол және аяқ саусақтары буындарының жарақаттық шығуы (балаларда – наркоз қолдануды қажет етпеген жағдайда);
- Плевра зақымдануынсыз жекелеген қабырға сынулары;
- Сүйектердің ығысусыз жабық сынулары немесе жабық репозиция жасап, бекітуге болатын ығысқан сүйек сынықтары бар сынулар (балаларда – тек ығысусыз және анестезиологиялық көмекті қажет етпейтін сынулар);
- Амбулаториялық жағдайда алынуға жататын жұмсақ тіндердің бөгде заттары;
- Жергілікті тіндермен пластика жасауды қажет ететін, бірақ стационарлық емдеуді талап етпейтін жұмсақ тіндер ақауы бар жаралар;
- Қол және аяқ саусақтарының жазғыш сіңірлерінің стационарлық емдеуді қажет етпейтін зақымданулары (балалардан басқа);
- Дене бетінің 5 пайызынан аз бөлігін қамтитын және хирургиялық араласуды қажет етпейтін шектеулі күйіктер (балаларда жас ерекшелігі мен зақымдану тереңдігі ескеріледі).
Жарақат алған пациенттер (ересектер мен балалар) жарақат алған сәттен бастап 3 тәулік ішінде травматологиялық пунктке өздігінен жүгіне алады немесе жедел медициналық жәрдем қызметі арқылы жеткізіледі. ҰШМҮО балалар травматологиялық пунктінде қайталама қабылдау жүргізілмейді.
Травматологиялық пункт жағдайында пациенттің жалпы жағдайы бағаланады, травматологиялық-ортопедиялық тексеру жүргізіледі, қажетті зертханалық және аспаптық зерттеулер орындалады, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.








