2025 жылғы 10 қаңтарда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (бұдан әрі – ҰШМҮО) базасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы А. К. Аймағамбетовтың, Комитет мүшесі Г. Ш. Танашеваның, ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Е. Ш. Нұрлыбаевтың, сондай-ақ ZOOM жүйесі арқылы өңірлердің денсаулық сақтау басқармасы (бейнеконференция) басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында ҚР-да шұғыл медициналық көмек қызметін дамыту мәселелері талқыланды, ҰШМҮО Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Е. Б. Әділбековтің, ҰШМҮО Басқарма төрағасының орынбасары А. И. Сапаровтың, Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры К. К. Ахметжановтың баяндамалары тыңдалды. Ірі қалаларда халық тығыздығының артуын және шалғай және қол жеткізу қиын аудандарды қамту қажеттілігін ескере отырып, шұғыл медициналық көмектің жұмысын оңтайландыру және сапасын жақсарту Қазақстанның мемлекеттік органдары үшін басымдық болып қала бермек.