fbpx

EN

Қазақстан Республикасында 1 ақпанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, халықты ерікті түрде COVID-19 қарсы вакцинациялау рәсімі басталды. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемнің, реанимациялық қызметтің, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің, қабылдау бөлімшелерінің, санэпидқызметтің медициналық персоналы қамтылды.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында бірінші болып Басқарма Төрағасы Ахильбеков Нұрлан Сәлімұлы вакцина алды, сондай-ақ ерікті вакцинацияға медициналық блоктың қызметкерлері қосылды.

Егу алдында пациенттер тексеріп-қараудан өтіп, вакцинаны алуға келісімін толтырады, егуден кейін бірден 30 минут медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Содан кейін келесі 3 күнде олар тіркелген жердегі учаскелік дәрігерлер бақылауында болады. Бұдан басқа, әрбір вакцина алушыға вакцинаның ықтимал жанама әсерлері және осындай әсерлер байқалған жағдайда олар жүгіне алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

Екінші кезеңде вакцинация жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтерін, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет жұмыскерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтерін, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды. Жыл соңына дейін Қазақстанда вакцинацияланған азаматтардың санын 6 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Халықтың әлсіз топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін негізде ұсынылады.

FaLang translation system by Faboba