fbpx

EN

Бүгін Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына (ҰШМҮО) өтеусіз негізде 5 мамандандырылған жедел медициналық жәрдем автокөлігін ресми сыйға тартты.

Заманауи автокөліктер барлық қажетті медициналық жабдықтармен, оның ішінде дефибрилляторлармен және жүрек соғу жиілігін бақылаудың толық жүйесімен, сондай-ақ   портативті желдеткіштер мен оттегі баллондарымен жабдықталған.

Денсаулық сақтау Вице-министрі Ажар Ғиният қазіргі уақытта Үкімет Қазақстан халқының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырып жатқанын атап өтті. «Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. БҰҰДБ СІМ-мен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметін пандемияға қарсы күресте қолдау мақсатында гуманитариялық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізді. Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігердегі ынтымақтастықты айқын көрсететін қолдауы үшін алғысымды білдіремін», - деді.

 «Денсаулық сақтау саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Пандемия басталғаннан бері БҰҰДБ COVID-19 пандемиясының салдарын жеңілдету мақсатында Қазақстан Үкіметіне жедел қолдау көрсетіп келеді. Аталған қолдау шеңберінде БҰҰДБ халықтың осал топтары үшін COVID-19 әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласының фтизиопульмонология орталығына  медициналық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге арналған жабдық (автоклав) сыйға тартылды», - деп БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш автокөіліктерді тапсыру рәсімі кезінде атап өтті.   

Көліктер ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырысы бойынша сатып алынды. «Қазақстан бұл қолдауды, сондай-ақ БҰҰДБ-ның Қазақстандағы коронавирус пандемиясының салдарын жеңілдету жөніндегі жедел қолдау шараларын жоғары бағалайды. Бүгінгі іс-шара Қазақстанның БҰҰ-мен табысты ынтымақтастығының практикалық көрінісі болып табылады, және осы әріптестіктің 30 жылдығын біз келесі жылы атап өтеміз», - деді Дидар Теменов, ҚР Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры. 

Жаңа жедел жәрдем көліктері Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының автокөлік паркіне, сондай-ақ оның Алматыдағы өкілдігіне жіберіледі.

ҰШМҮО Басқарма Төрағасы Нұрлан Ахильбековтің айтуынша, орталықтың басты міндеті - еліміздің үлкен аумағы мен медициналық мекемелердің шалғай орналасу жағдайында халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету болып табылады. «Жыл сайын медициналық авиация күшімен 3000-4000-ға жуық медициналық қызмет көрсетіледі, бұл ретте пациенттерді медициналық ұйымнан әуе кемесіне дейін және кері тасымалдау жедел медициналық жәрдем автокөліктерімен жүзеге асырылады. Медициналық авиация пациенттерінің басым бөлігі - бұл ауыр және аса ауыр жай-күйдегі пациенттер. Автопаркті жаңарту медициналық қызметтердің сапасын, пациенттерді тасымалдау кезінде қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді.

FaLang translation system by Faboba