Қазақ тілі тарихы
Қазақ тілі тарихы – қазақ тілін зерттейтін ғылым саласы. Қазақ тілі бөлімінің тарихы шартты түрде:
- ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең;
- ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең болып екіге бөлінеді.
Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең 19 ғ-дың 2-жартысынан басталады. Қазақ тілінің грамматикалық құрылысы туралы алғашқы мәліметтер Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргиз-казахского наречия» (1860–61) деген еңбегінде ұшырасады. Бұл – қазақ тілінің кейбір ерекшеліктерімен таныстыруға арналған тұңғыш еңбек. Кейін М.А.Терентьевтің «Грамматика турецкая‚ персидская‚ киргизская и узбекская» (1875), П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» (1894‚ 1897)‚ В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» (1897)‚ т.б. еңбектер жарық көрді. Қазақ тілін таныстыру мақсатын көздегендіктен бұл еңбектерде белгілі бір категориялардың сырын ашу, оның ерекшеліктерін анықтау жағы қарастырылмаған. Олар негізінен қазақ тілінің заңдылықтарын, орыс тілімен салыстырып, сол тілдің негізінде түсіндіруге тырысты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ тілінің лексикографиялық жұмыстары қауырт қолға алынып‚ дами бастады. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезеңде 40-қа жуық сөздік жарық көрді.
Орыстардың Ресей империясына қараған халықпен қарым-қатынас жасауына көмектесу мақсатын көздеген бұл сөздіктер қазақтың сөздік құрамын хатқа түсіріп‚ жаңа‚ көне сөздердің мағынасын ашып көрсетті. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңнің өзі: а) қуғын-сүргінге дейінгі кезең (1912–29); ә) қуғын-сүргіннен кейінгі кезең (1930–88) болып екіге бөлінеді. Қазақ тілі ғылылым ретінде қалыптасып, дамуы А.Байтұрсыновтың есімімен тығыз байланысты. Оның қазақ тілі оқулығы ретінде жазған «Тіл-құрал» атты еңбегінде, мақалалары мен баяндамаларында тіл білімінің өзекті мәселелері сөз болады. Қазақ тіл бөлімінің салалары: Әліппе мен емле. 19 ғ-дың 2-жартысында Ы.Алтынсарин қазақ жазуын орыс графикасына негіздеуге талпыныс жасаса, 20 ғ-дың басында Байтұрсынов қолданылып келген араб графикасын жетілдіре отырып, қазақ жазуына икемдеді. Бұл орайда ғалым қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстар санын анықтап, үндестік заңдылығын, тілдің фонологиялық ерекшеліктерін айқындап шықты. Байтұрсыновтың Қазақ тіл бөлімінің фонетика, фонология салалары бойынша жасаған тұжырымдары Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов еңбектерінде жалғасын тапты. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, дауыстылар мен дауыссыздар санын дәл айқындау, қазақ жазуына негіз болатын принцип таңдау мәселесі көптеген талас тудырып, «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», т.б. басылым беттерінде мақалалар жарық көріп, қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланды.
Тіл туралы мақал-мәтелдер
Қазақтың ақылы – көзінде,
Қасиеті сөзінде.
Тіл — буынсыз,
Ой - түпсіз.
Тілі өлген ел – тірі өлген ел.
Еттен өткен таяқтан,
Сүйектен өткен сөз жаман.
Ішімдегінің бәрі тілімде,
Тілімдегінің бәрі түрімде.
Құр судан май шықпайды,
Құр сөзден мән шықпайды.
Аталы сөзге арсыз ғана жауап қайырады.
Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.
Орақты ора білмесең,
Қолыңды кесерсің.
Сөзіңді сөйлей білмесең,
Жолыңды кесерсің.
Ажал келмей жан шықпас,
Қысыр сөзден мән шықпас.
Тілі бардың тіріде ақысы кетпейді.
Жүйелі сөз — жүйесін табар,
Жүйесіз сөз —иесін табар.
Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ.
Тіл – қылыштан да өткір.
Сөз — бейнет болар,
Бөз — көйлек болар.
Ине көзінен сынады,
Шешен сөзінен сынады.
Тіл алмасқа сөз айтсаң,
Адам таппас жауап айтар.
Аяғы жаман төрді былғар,
Аузы жаман елді былғар.
Тәрбие тілден басталады.
Басқа пәле тілден.
Бал тамған тілден у да тамар.
Малға кедей – жарлы,
Тілге кедей – сорлы.
Бас кеспек болса да,
Тіл кеспек жоқ.
Аузы құлып сандықты, тіс ашпаса тіл ашар.
Шешеннің тілі – шебердің бізі.
Ашынған тілді болар,
Ашыққан ұры болар.
Ашуың келсе — қолың тарт,
Айтпас жерде — тілің тарт.
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
Әділ сөздің зілі жоқ,
Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
Біреу қасып айтады,
Біреу басып айтады,
Біреу жаны ашып айтады.
Найзалассаң, найзалас,
Тіл найзаңмен түйреме.
Тіл найзаңа түйреп ап,
Олай-бұлай сүйреме.
Өлеңді қосылып айтқан жақсы,
Сөзді тосып айтқан жақсы.
Тіл туралы нақыл сөздер
«Halyqtyń kemeline kelip órkendep ósýi úshin eń aldymen azattyq pen bilim qajet.»
Sh. Ýálıhanov
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет.»
Ш. Уәлиханов
«Ǵylym adam sanasyna bolmysy bólek, erekshe utqyr uǵymdardy ornyqtyrý arqyly ǵana tereń uıalaıdy.»
Ál-Farabı
«Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды.»
Әл-Фараби
«Ana tilin umytqan adam óz halqynyń ótkeninen de, bolashaǵynan da qol úzedi.»
Ǵ. Músirepov
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді..»
Ғ. Мүсірепов
«Тілде тұтас ұрпақтың ғасырлық еңбегі бар.»
В.И.Даль
«Көз – жанның айнасы, тіл – қоғамның айнасы.»
Жюль Ренар
"Тіл адамға ойын жасырып, сараптап айту үшін берілген болса, кей адамдарға оның қажеті де жоқ сияқты."
А.В.Абакумов
"Тіл үйрену үшін қажеттілік не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылық болуы маңызды."
А.Б.Августин
"Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді."
Шыңғыс Айтматов
"Барлық заманда шешендік өнері мен тіл байлығы қатар өмір сүріп келеді".
А.П.Чехов
"Тілдің жүгенсіздігі өзіне балта боп тиеді. Қаншама адамды ренжітіп, сан мың адамның жүрегіне жара салады."
Әлішер Науаи
"Қазақ тілі - сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет берер ғажайып кемел тіл.
Б. Момышұлы
Қазақ халқының салт-дәстүрлері
Қазақтар-ежелден көшпелі халық, Көк Түріктің ұрпақтары. Қазақ еліне,тарихына қызығатын әрбір адам алдымен, қазақтардың салт-дәстүрлері жайлы білуі шарт. Қазақтарда салт - дәстүрдің түрлері өте көп.
Құда түсу - қазақтардың ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан жақсы әрі жарасты дәстүрлердің бірі.
Жігіттің әкесі немесе оның жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп жасайды саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп, мысалы: құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр, тағы басқа ырымдары мен кәде алымдары болады (“кәдеге” қараңыз). Құдалықты басқарып барған адам “бас құда” деп аталады. Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелері бір-біріне “бауыздау құда” деп аталады.
Құда түсу- қазақтың мәртебелі әрі жарасты салт-дәстүрлерінің бірі. Онда түрлі ойын-сауық, әзіл-қалжыңдар айтылады. Екі жақ та бір-бірін сынап отырады.
Сырға салу – қыз ұзату, келін түсіру жоралғыларының бірі. Сырға Салу кезінде жігіт жағынан 4 – 5 адам келіп құда түсер ырымын жасап, қыздың құлағына сырға тағып, қызды алып кететін күнді белгілейді. Осы аралықта “той малы”, “сойыс”, “бала күту”, “әке күші” деген кәделерді орындау керектігі келісіледі. Бұл жолы жігіт жағы қыздың ата-анасына киіт кигізеді, қыз жағы – мал сойып, құрметтеп күтіп алып, шығарып салады, тағы басқа сый-сыяпаттар жасалады. Келісілген күні жігіт жағынан 4 – 5 адам келіп қызды алып кетеді.
Бесік той - туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады. Баланы бесікке саларда бесікті аластау ырымы жасалады. Бұл отқа табыну дәуірінен қалған ырым. Баланы бесікке саларда бесікті саларда қарт аналардың біреуі шымшыуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қарып кертеді. От пен оның исінен жын-шайтан, дерт-дербезе қашады мыс деп есептеген.
Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген.
Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды.
Осындай керемет дәстүрлерді есте сақтап, дәріптеп жүрейік.
Құда түсу

Сырға салу

Бесік той

Беташар

Тілдер күні

Медицина ғылымы